
32 жыл бұрын бірнеше жігіт зорлады деп мәлімдеген Наташа Қалымбетова басынан өткенді баяндап берді. Әйелдің айтуынша, оқиғаның бәрі 17 жасында болған. Ол кезде Наташа Батыс Қазақстан облысындағы ауылда анасымен бірге тұрған.
«Бір ағам әскерде еді, бірі – Алматыда журналист, үлкен ағам полицей болды, бір ағам – қазір мектеп директоры. Анам қатты кісі болды. Әкем жеті жасымда өмірден өтті.
…17 жастамын. Ауылдағы Аягөз деген қыздың үйіне жиналдық. Сол үйге бізден жасы үлкен жігіттер келіп алыпты. Қараша айы. Құрдастарымның арасында тұрдым. Арасынан бір жігіт мені ортадан жұлып алып шықты.
Қорқып тұрдым, қайда алып бара жатқанын білмедім. Басқа үйге кіргізді. Істейтіндерін істеді. Содан кейін таңғы төртте ішіндегі бір жігіт Жайықтың жағасына апарып тастады», – дейді Наташа Қалымбетова Qasqa jol YouTube арнасына берген сұхбатында.
Содан кейін болған жайт туралы ешкімге тіс жармауы керек екенін айтып, қорқытқан. Дегенмен оқиға мұнымен бітпейді. Бұл әрекет сол жылдың наурызында қайталанған. Наташа көшеге шыққан кезінде оқиғаға қатысты бар жігіттің бірі үйіне алып кеткен. Қыз содан жүкті болып қалған.
Қызымның қайда екенін білмеймін
Оқиға туралы Наташа Қалымбетова осыдан екі ай бұрын әлеуметтік желіде жариялады.
«32 жыл сол аурумен өмір сүру оңай емес. Жатарда сол жаман ой қайта-қайта есіме түсе береді. Не үшін? Қалай? Неге осылай болды? Желідегі пікірді оқыған кезде байқағаным – мен ғана емес, барлық қыз солай қиналады екен.
…Ол кісілерді танымаймын. Екеуі бір мектепте менімен қатар оқыған екі жігіттің ағасы екенін білемін. Аралас-құраласым жоқ. Үшінші жігіттің аты-жөнін есіме түсіріп айттым. Қалғандарын полиция анықтап жатыр», – дейді Наташа Қалымбетова.
Айтуынша, сол жағдайдан кейін жүкті болып қалған. Артынша қыз босанған.
«Қызымды қайда тастап кеткенімді білмеймін. Қай жерде? Тірі ма? Өлі ма? Қызым туғаннан үш жасына дейін сәбилер үйінде болды. Барып жүрдім. Босанған соң тоғыз күн қиналдым. Аға-жеңгем «өз шешесі бар» деп көмек көрсеткен жоқ. Қыста босандым, ешкім келген жоқ», – дейді әйел.
Сөзінше, анасы мен төрт ағасы болған жағдайдан хабардар болған, алайда қолдау көрсетпеген. Сол себепті әйел осы уақытқа дейін болған жағдайға өзін кінәлап келген.
Бұған дейін Алматы облысында жасөспірім қыз өзін сегіз жігіттің зорлағанын мәлімдеді. Содан кейін 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша екі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.