
Түркістан облысында бір жасар бала жеке үйдің дала дәретханасына құлап кетті. Сәбиді аман алып қалудың сәті түсті.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлауынша, оқиға Темірлан ауылында болған. 112 пультіне 2025 жылы туған баланың дала дәретханасынан өз бетінше шыға алмай жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Оқиға орнына Қазақстан ТЖМ қызметкерлері жедел жетті. Құтқарушылар сәбиді абайлап шығарып алып, тексеру үшін 103 қызметінің бригадасына тапсырды», – деп баяндады құтқарушылар.
Ведомство балаларды тіпті қысқа уақытқа болса да және үй жағдайында үнемі бақылауда ұстау қажет екенін еске салды.
Айта кетейік, осыған дейін Ақтауда дәрігерлер темір құбыр құлап, басынан ауыр жарақат алған жеті жасар баланы аман алып қалғаны туралы жазған едік.