Қоғам

Жаңақорғанда құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды

Марқұмның інісі қамауға алынды/фото: shutterstock

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы жергілікті су құбыры құдығынан 20 жастағы Мейіржан Рүстемнің мәйіті табылды. Марқұмның жақындары оның денесінде көгерген дақтар мен мойнында жіптің іздері барын айтқан. Полиция күдікті ретінде марқұмның 15 жастағы туған інісін қамауға алды. Бұл туралы Informburo.kz жазды.

Бір ұлынан айырылған отбасы мектеп оқушысы мұндай әрекетке барды дегенге сенбейді.

Оқиғаның мән-жайы

30 мамырда Мейіржан Рүстем үйінің ауласына төсек салып, далада түнеген. Алайда таң ата 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Жақындары оны өздігінен іздеген, бір тәуліктен кейін су құбыры құдығынан мәйітін тапқан.

«…Сыртында ала көрпесі бар. Сол көрпеге тұншықтырған, ол бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақ тұрды. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше алысқан ғой 2-3 адаммен. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр», – дейді марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева.

Жергілікті полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.

Бұған дейін Қызылорда облысы Шиелі ауданында канал суынан қыздың мәйіті табылды.