
Қазақстанда Audi A6-ның C9 шанағындағы алтыншы буынының сатылымы басталды. Бизнес-седан жаңа қозғалтқыштармен, бұрынғыдан да заманауи цифрлық салонымен және электронды көмекші жүйелердің кеңейтілген жиынтығымен жабдықталған.
Audi A6 таныстырылымында бірнеше буын қатар көрсетілді
Таныстырылым барысында жаңа A6-дан басқа оның алдыңғы буын үлгілері де көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – музей экспонаттары емес, қазақстандықтардың күнделікті қолданыстағы көліктері.
Кейбірі көліктерінің тарихын баяндап, көп жылдан бері неге Audi-ден бас тартпағанын айтты. Бұл тәсіл жаңа модельмен қатар Audi 100-ден басталатын модельдер тарихын да таныстыруға мүмкіндік берді.
Жаңа Audi A6 қандай
Қазақстан нарығына бұл модель екі бензин қозғалтқышымен ұсынылды. Базалық нұсқасы 272 ат күшіне ие 2,0 литрлік мотормен жабдықталған, ал қымбатырақ нұсқасы 367 ат күшін беретін 3,0 литрлік V6 қозғалтқышын алған.

Сатып алушыларға үш жиынтық (комплектация) қолжетімді – Tech, Tech Plus және Tech Pro. Олар жабдықталу деңгейі мен электронды жүйелердің жиынтығымен ерекшеленеді.
Седан фирмалық quattro толық жетек жүйесімен жабдықталған. Қосымша опциялар қатарында көліктің жайлылығы мен маневрлілігін арттыратын адаптивті пневмаспензия мен артқы осьті басқару жүйесі бар.
Жаңа модельдің ерекшеліктерінің бірі – аэродинамикасы. Ауа кедергісі коэффициенті 0,23-ке тең, бұл Audi-дің іштен жану қозғалтқышы бар сериялық модельдері арасындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі.
Салонда цифрлық технологияларға басымдық берілген. Жүргізушінің алдында виртуалды аспаптар панелі орналасқан, ал алдыңғы панельге мультимедиялық жүйенің ірі дисплейлері орнатылған.
Бағасы қанша
Қазақстанда жаңа Audi A6-ның бағасы 44 млн теңгеден басталады. Бұл сомаға сатып алушылар толық жетекті, премиум седанды, толық жабдықталған және электронды жүйелердің кең жиынтығын алады.

Алайда модельдің нарықта өз орнын табуы оңай болмайды. Соңғы жылдары бизнес-седандар сегменті айтарлықтай қысқарған, ал қазақстандықтардың бір бөлігі кроссоверлерге немесе Қытайдан келетін арзанырақ премиум көліктерге көбірек назар аудара бастады.
Соған қарамастан, Audi бұл модельдің танымал боларына сенеді. Бұған бренд беделі мен көпжылдық тарихы көмектеседі деп сенеді.
Айта кетейік, наурыз айында Қытайда SAIC-Audi аясында шығарылған жаңа электрлі жол талғамайтын көлік – AUDI E7X ресми таныстырылған еді.