Жаңалықтар

Бюджеттен 30 млрд бөлініп, оның 4%-ы ғана қайтты – мемфильмдердің табысы неге аз

фото: «Қайтадан» фильмінен скрин

Бүгін мәжілісте Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджетке жүргізілген аудит есебін жариялады. Депутат Дәулет Мұқаевтың сөзінше, мемлекет қаржы бөлген фильмдердің басым көпшілігі табыс таппай, архивте қалып қойған, прокатқа шықпаған.

«Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылғалы бері республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бірақ осы уақытқа дейін салаға бөлінген қомақты қаржының тек 1,5-3% көлеміндегі қаражаты ғана қазынаға кері қайтарылған», – деді депутат.

Оның мәліметінше, 2025 жылы 6 көркем фильм, 5 деректі фильм мен 5 анимациялық жоба және дебютті жүзеге асырыла бастады. Мұқаев «бұл фильмдерді қашан көреміз, неге мемлекеттік картиналар прокатта табысты емесі деген сұрақ қойды.

Мемлекеттік кино коммерция үшін емес

Депутат сауалына мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Қанат Жұмабайұлы жауап берді. Ол былтыр басталған 16 жоба келесі жылы прокатқа шығатынына уәде берді.

«Сондықтан қаражат жағынан айту әлі ерте. Бірақ ол жобалар межесіне жетеді, архивте қалып қоймай прокатқа шығады немесе фестивальде көрсетіледі. Халық оны көреді», – деді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, мемлекет қаржысына түсірілген туындылар сол ақшаның 20%-ын қайтару керек деген талап бар. Бірақ соған қарамастан фильмге қаржы бөлгенде оның табысты болуына емес, идеологияға сай келуіне ерекше мән береді екен.

«Кино идеология үшін маңызды деп саналады. Мемлекет қаржыландыруының басты мақсаты – пайда табу емес. Идеологияны, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды, патриотизмді паш ету. Осы мақсатқа назар аударымыз», – деді спикер.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, былтыр мемфильмдерің кассалық түсімі 1,2 млрд теңге болған. Басым көпшілігі – «Қайтадан» картинасының үлесіне тиесілі.

Тағы да оқыңыз: Енді прокатқа шығатын фильмдерді арнайы комиссия тексереді