Жаңалықтар

Экономикалық өсім сапасыз ба: министр шетелдік инвестицияның кему себебін түсіндірді

Ішкі жалпы өнім өсімі жақсы деп тұжырымдайды /t.me/KZgovernment бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Ел экономикасының басты көрсеткіші – жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімі халықтың шынайы тұрмысын көрсете ала ма? Парламент қабырғасында депутаттар мен Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арасында дәл осы мәселеге қатысты пікірталас өрбіді.

Халық қалаулылары экономикалық көрсеткіштердің «сапасына» күмән келтірсе, министр елдің өндірістік әлеуеті артып келе жатқанын алға тартты.

Депутат Магеррам Магеррамов елдегі ресми экономикалық өсім мен халықтың нақты әлеуметтік жағдайы арасындағы алшақтықты атап өтіп, ЖІӨ 6,5%-ға өскенімен, инфляция әлі жоғары деп тұжырымдайды.

Ал азаматтардың нақты табысы әлі де азайып, өз табысының 50%-дан астамын тек тамақ өнімдеріне жұмсауға мәжбүр.

Сонымен қатар ол тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны теріс көрсеткішке кетіп, минус 900 миллион долларды құрағанын алға тартып, министрден мұндай өсімді қаншалықты «сапалы» деп санауға болатынын сұрады.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл уәжге қарамастан ел экономикасының сапалы дамып жатқанын және оның негізгі қозғаушы күші ішкі өндіріс пен негізгі капиталға салынған инвестициялар болып отырғанын мәлімдеді.

Министр келтірген дерекке сүйенсек, өнеркәсіп өндірісі 7,5%-ға, өңдеу секторы 6,7%-ға, машина жасау саласы 12,9%-ға, ал тамақ өнімдерінің өндірісі 8,1%-ға жоғарылаған.

Бұл ретте негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13%-ға артып, 22,7 триллион теңгені құраса, оның 80%-дан астамы жеке компаниялардан тартылған.

Шетелдік инвестицияның азаюына қатысты министр еліміздегі бірқатар ірі жобалар өз мәресіне жеткендіктен, инвесторлар тапқан пайдасын сыртқа шығара бастағанын және бұл ашық экономика үшін табиғи процесс екенін түсіндірді.

«2024 жылы тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны шынымен де теріс мәнге ие болды. Ірі жобалар аяқталып, инвесторлар тапқан пайдасын сыртқа шығара бастады. Бұл — табиғи процесс. Біздің экономикамыз ашық болғандықтан, біз бұған рұқсат береміз. Олай істемесек, инвесторлар бізге келмейді. Бүгінде инвестицияның 80%-дан астамын жеке көздер қамтамасыз етіп отыр», — деп түсіндірді спикер.

Серік Жұманғарин отандық өндіріс пен ішкі инвестиция құрылымына қарап, қазіргі экономикалық өсімді сапасыз деуге ешқандай негіз жоқ екенін айтып, елдегі басты түйткіл ретінде инфляцияны атады.

Дегенмен, соңғы айларда қымбатшылық қарқыны басылып, мамыр айында инфляция 10,4%-ға дейін төмендегенін және алдағы маусым айында да бұл көрсеткіш әлі де бәсеңдейді деген үміт бар.

Кейінгі 10 жылда Қазақстанға жалпы 222 млрд доллар шетел инвестициясы құйылған.