Жаңалықтар

Грант ұтып алудың оңай жолы: бәсеке аз, бірақ сұранысқа ие мамандықтар

су саласындағы мамандықтар
фото: shutterstock

Биылғы жаңа оқу жылына Су ресурстары және ирригация министрлігі 751 білім беру грантын бөліп отыр.

Бөлінген мемлекеттік тапсырыс мамандықтар бойынша төмендегідей үлестірілді:

  • «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына – 336 грант (оның ішінде 286 грант күндізгі оқу нысанына, 50 грант қысқартылған оқу бағдарламасына арналған);
  • «Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару» мамандығына – 215 грант;
  • «Гидромелиорация» мамандығына – 100 грант;
  • «Сумен жабдықтау және су бұру» мамандығына – 100 грант.

Қазір жоғары оқу орындарында су саласы бойынша 2629 студент білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі, яғни 2393-і бакалавриатта оқыса, 126 адам магистратурада, ал 110-ы докторантурада ғылыми бағытта ізденіп жүр.

Министрлік грант бөліп қана қоймай, түлектерді кепілді жұмыспен қамтуды да жоспарлап отыр. Осы мақсатта бейінді оқу орындарымен меморандумдар жасалып, «Қазсушар» секілді ірі мекемелерде өндірістік тәжірибе ұйымдастырылмақ.

«Қазсушар”, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, екі комитет және министрліктің орталық аппараты түлектерді жұмысқа қабылдауы тиіс. Бос жұмыс орындары бар, сондықтан бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Енді бізге бөлінген білім гранттарының жеткіліктілігін анықтау керек. Алдағы бес жылға су саласының кадрлық қажеттілігін айқындап, бұл мәселені Ғылым және жоғары білім министрлігімен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп пысықтауымыз қажет», – деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.

Жалпы 2026-2027 оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде шамамен 530 мыңы – инженерлік кадрлар, 185 мыңнан астамы – педагогикалық кадрлар, 168 мыңға жуығы – өзге салалардың мамандары.