
Қызылордада фильм көргенің үшін миллион береміз деп алдаған күдіктілер ұсталды. Әйгілі голливуд компаниясымен аттас «WornerBros» қаржы пирамидасының бөлімшесін басқарған тұлғаға сот үкімі шықты деп хабарлайды қаржы агенттігі.
Ұйымдастырушылар азаматтарға «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көріп табыс табуға болады деген желеумен қаржы пирамидасына тартқан.
Қатысушылар құны 10 мың теңгеден 11 млн теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алуы керек болған. Есесіне оған күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түседі деп уәде берген.
«Әрбір жаңа қатысушы үшін бонус төленіп отырған, бұл азаматтарды жүйеге тұрақты түрде тартуға ынталандырған. Схеманы насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған», – деп хабарлайды агенттік өкілдері.
Ал салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін криптоәмияндар қолданып отырған. Қазір сот санкциясымен 3 млн USDTкөлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Сот қаржы пирамидасы ұйымдастырушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұған дейін Алматыдағы NBC TV қаржы пирамидасы туралы жазған едік. Күдіктілер интернеттегі сайт және WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тартып, қаржы пирамидасын ұйымдастырған.