
18 маусымда елдегі білім беру ұйымдарында жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді. Осыған байланысты Астана қаласының билігі ата-аналар мен түлектерге қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Астана қаласының әкімдігі мектеп бітірушілер мен ата-аналарға мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет екенін ескертті.
«Түлектердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу шараларын өткізуге, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді«, – деп таратты әкімдік.
Бұған қоса аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынды.
Астана әкімдігі «мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – қымбат мейрамхана мен мерекелік дастарқан емес» деп есептейді.
«Оның шынайы мәні – ұстаздарға алғыс білдіру, мектеппен қоштасу, сыныптастармен ерекше естеліктерді бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу».
Соған байланысты ата-аналар мен түлектерге осы айтулы күнді жоғары мәдени деңгейде өткізуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзара жауапкершілік танытуға кеңес берілді.
Бұған дейін экс-министр Асхат Аймағамбетов «мұғалімге сыйлық бергенде тұрған ештеңе жоқ» деп мәлімдеген.