
Бибісара Асаубаеваның ісіне қатысты бүгін Туризм және спорт министрлігі шұғыл баспасөз конференциясын өткізді. Вице-министр Серік Жарасбаев спортшының жалақысы неге азайғанын түсіндірді.
Вице-министрдің сөзінше, 2025 жылға дейін Асаубаеваға 1 млн теңге көлемінде жалақы төленген. Одан кейін дирекция еңбекақыны 300-350 мың теңгеге дейін түсірген.
«Еңбекақы төмендеу себебі – шахмат бюджеттен қаржыландырылатын спорт тізіміне енген жоқ. Өткен жылы осындай шешім қабылданған. Жалақыны Спортты дамыту дирекциясы береді, ол жерде барлығы нақты жазылған», – деді Жарасбаев.
Спикер сөзінше, бюджеттен бөлек спортшыны қаржыландыратын тағы екі ресурс бар. Соның бірі – Спорт пен туризм министрлігіне қарасты қор. Ол қорға «Самұрық-Қазынаның» қолдауынан, букмекерлік кеңселердің аударымы және өңірлік бизнестің демеушілігінен түскен қаржы жиналады. Сол жерден түскен ресурстарды спортшыларға жобалық қаражат ретінде бере алады.
Ал екіншісі – федерация, бірақ қазір шахмат – басымдық берілген спорт түрлеріне енбей қалған.
«Федерацияға келетін болсақ, әрине, еліміздегі ең негізгі федерациялардың бірі. Олардың басымдық берілген спорт түрлерінің тізіміне енбей қалуына ешкім де, федерация да кінәлі емес. Алдағы Азия ойындары мен халықаралық жарыстардың бағдарламасы солай қалыптасып қалды», – деді вице-министр.
«Барыс» ордені неге берілмеді?
Журналистер Бибісара Асаубаеваға «Барыс» ордені неге табысталмағанын сұрады. Вице-министр түсіндіруінше, спортшының тығыз графигіне байланысты берілмеген көрінеді.
«Біз 8 наурыз қарсаңында Ақордаға шақырып, марапаттайтын қыздар тізіміне қосқан едік. Бірақ оның графигі тығыз болды, жарыстарға дайындалып жатты. Меніңше, ол Қазақстанға келген соң марапат иесін табады», – дейді Жарасбаев.
Еске салайық, бүгін спортшы, халықаралық гроссмейстер, әлемдік рейтингте үздік бестікке енген қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жасаған. Ол оқу-жаттығу жиындарын жеке өзі қаржыландырып жүргенін, бұл спорт түріне қолдау төмен екенін айтқан. Одан бөлек 2-дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін ала алмағанына өкпелі екенін білдірді.
Осыдан екі күн бұрын ғана ол FIDE Women’s Circuit рейтингінде көш бастаған еді.