
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, ведомствоның 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2026 жылдың алғашқы бес айындағы қызмет нәтижелері туралы есебін тыңдады.
Кездесу барысында министр әлеуметтік міндеттемелердің толық көлемде орындалып жатқанын баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге бағытталған. Ал биылғы бес айдың өзінде бұл мақсатқа 2,7 триллион теңге жұмсалған.
Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және оларды жұмыспен қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да мәлімет берді. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат еңбекке орналастырылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін мүгедектікті белгілеуге арналған цифрлық талдау тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Президент арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды тапсырды. Осы мақсатта еліміздің өңірлерінде жеті жаңа оңалту орталығын ашу көзделген. Бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесуде халықты жұмыспен қамту мәселесі де сөз болды. Министрдің мәліметінше, ел бойынша 201 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан, оның ішінде 74,9 мыңы – жастар. Сондай-ақ биыл тұрақты, қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етілген және әлеуметтік аударымдары толық жүргізілетін жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Жасанды интеллект технологияларын енгізу аясында Маңғыстау және Павлодар облыстарында «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
Министр еңбек қатынастарын реттеу бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Бүгінде электрондық форматта 6,7 миллион еңбек шарты жасалып, 118 мыңнан астам жұмыскер міндетті сақтандырумен қамтылған. Сонымен қатар еңбек инспекторларының араласуымен 22 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалған.
Бұдан бөлек, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін кәсіптік тәуекелдерді анықтау, оқыту үдерісін автоматтандыру және төмендетілген жалақыны айқындауға арналған цифрлық шешімдерді енгізу жоспарланған.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы саланы одан әрі цифрландыру, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды күшейту және әлеуметтік масылдықпен күрес бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.
Президент қабылданып жатқан барлық шараның түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру болуы керектігін атап өтті.