Жаңалықтар

Қара шай қымбаттап барады: кей өңірлерде 1 келісі 7 мың теңгеге жетті

Қара шай бағасы қымбаттап кетті / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда қара шай бағасы бір жыл ішінде айтарлықтай өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2026 жылғы мамырда ел бойынша 1 келі қара шайдың орташа бағасы 5 899 теңге болды. Бір жыл бұрын, яғни 2025 жылғы мамырда бұл көрсеткіш 5 354 теңге еді. Демек, бір жылда шай бағасы шамамен 10,2%-ға қымбаттаған.

Шымкент қаласында шай бағасы ең қымбат. Мұнда 1 келі қара шай 7 000 теңге тұрады. Бұл елдегі орташа бағадан да, басқа өңірлердің басым бөлігінен де едәуір жоғары. 2025 жылғы мамырда Шымкентте шай бағасы 6 121 теңге болған. Яғни бір жылда баға 14,4%-ға өскен.

Қара шай бағасы

1 кг қара шай қай өңірде қымбат?

2026 жылғы мамырдағы орташа баға, теңге

Қазақстан бойынша 5 899 ₸ 2025 жылғы мамырмен салыстырғанда +10,2%
Ең қымбат өңір Шымкент

7 000 ₸ / кг

Ең арзан өңір Семей

5 300 ₸ / кг

Ең үлкен өсім Қызылорда

+26,4%

Бағасы төмендеген Қарағанды, Семей

-1,9% және -5,5%

Өңірлер бойынша баға шкаласы

Баға неғұрлым жоғары болса, жолақ соғұрлым ұзын
Шымкент 7 000 ₸ +14,4%
Атырау 6 365 ₸ +25,3%
Қарағанды 6 316 ₸ -1,9%
Қызылорда 6 207 ₸ +26,4%
Түркістан 6 169 ₸ +27,2%
Астана 6 029 ₸ +7,4%
Қонаев 6 008 ₸ +19,9%
Петропавл 5 943 ₸ +10,7%
Қазақстан бойынша 5 899 ₸ +10,2%
Тараз 5 899 ₸ +10,7%
Алматы 5 886 ₸ +7,1%
Ақтөбе 5 854 ₸ +14,9%
Жезқазған 5 843 ₸ +15,5%
Ақтау 5 741 ₸ +7,4%
Көкшетау 5 720 ₸ +15,3%
Қостанай 5 673 ₸ +7,6%
Талдықорған 5 662 ₸ +0,8%
Өскемен 5 584 ₸ +6,3%
Орал 5 444 ₸ +2,1%
Павлодар 5 357 ₸ +17,1%
Семей 5 300 ₸ -5,5%
Ескерту: салыстыру 2026 жылғы мамыр мен 2025 жылғы мамыр бағалары бойынша жасалды.

Қымбат өңірлер қатарында Атырау да бар. Бұл өңірде қара шайдың 1 келісі 6 365 теңгеге жетті. Былтырғы бағамен салыстырғанда өсім өте жоғары – 25,3%. Сондай-ақ Қызылордада баға 6 207 теңге, Түркістанда 6 169 теңге, Қарағандыда 6 316 теңге болды.

Баға ең қатты өскен өңірлерінің бірі – Түркістан облысы. Мұнда қара шай бір жылда 27,2%-ға қымбаттаған. Қызылордада өсім 26,4%, Атырауда -25,3%, Қонаевта – 19,9%, Павлодарда 17,1% болды. Бұл өңірлерде шай бағасының өсуі елдегі орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Ал ең арзан қара шай Семей қаласында сатылады: бағасы 5 300 теңге. Бір қызығы, бұл қалада баға былтырғыдан төмендеген. 2025 жылғы мамырда Семейде қара шайдың 1 келісі 5 606 теңге болған еді. Яғни баға 5,5%-ға арзандаған. Сондай-ақ Қарағандыда да баға аздап төмендеді: 2025 жылғы 6 437 теңгеден 2026 жылы 6 316 теңгеге түскен.

Жалпы деректер Қазақстанда қара шай бағасы біркелкі өзгермегенін көрсетеді. Кей өңірлерде баға күрт өссе, кей қалаларда өсім баяу болды, тіпті арзандағаны байқалды. Мысалы, Талдықорғанда баға небәрі 0,8%-ға, Оралда 2,1%-ға, Өскеменде 6,3%-ға ғана өскен.

Қара шай – күнделікті тұтынатын негізгі өнімдердің бірі. Сондықтан оның бағасындағы өзгеріс көп отбасының шығынына тікелей әсер етеді. Әсіресе шайды көп тұтынатын елде 1 келі өнімнің бірнеше жүз теңгеге қымбаттауы қарапайым тұтынушы үшін бірден сезіледі. Деректерге қарағанда, 2026 жылы қара шай бағасы бойынша ең ауыр жүктеме Шымкент, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан тұрғындарына түсіп отыр.

Еске сала кетейік, инфляция мамырда 10,4%-ға дейін баяулады.