Жаңалықтар

ҚҚС 16 пайыз: салық органдары 176 млрд теңге аз жинады

Бюджетке 3,5 трлн теңге түссе де, үкімет неге жоспардан қағылды / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Биыл үкімет қосылған құн салығын (ҚҚС) 16 пайызға дейін көтеріп, қазынаны ақшаға толтырамыз деп үміттенді. Алғашқы бес айда бұл салықтан бюджетке 3,48 трлн теңге түсті. Өте үлкен сома болғанымен, қазына жоспарын толық орындауға жетпеді.

Жоғары салық мөлшерлемесі күтілген ғажайып нәтижені берген жоқ. Қаржы министрлігінің мәліметінше жоспар 95,1%-ға ғана орындалды. Экономикаға салмақ салған жаңа мөлшерлеме неге бюджетті толтыра алмады?

Өсім бар, бірақ мәселе шешілген жоқ

2025 жылы дәл осы кезеңде жағдай бұдан да нашар болған еді. ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде бюджетке 2,4 трлн теңге түскен. Ол кезде үкімет жоспары 91,9%-ға орындалды.

Биыл салық көлемі абсолютті мәнде 1,1 трлн теңгеге артты. Соған қарамастан, бюджеттегі жыртық толық жамалған жоқ. Үкіметтің жоғары салыққа сенген қағаз жүзіндегі математикасы нақты өмірдегі экономикамен қабыспай қалды.

2026 жылғы 5 ай

ҚҚС түсімі: жоспардан төмен орындау

Қосылған құн салығы бойынша негізгі түсімдер құрылымы

Жалпы ҚҚС түсімі 3,48 трлн ₸ Орындалуы: 95,2%
Жылдық жоспар 10,01 трлн ₸
5 айлық жоспар 3,65 трлн ₸
Жоспардан ауытқу −176,4 млрд ₸
Жылдық жоспардың орындалуы 34,7%
Бап Түсім Орындалуы Жалпы ҚҚС-тағы үлесі Индикатор
Қазақстанда өндірілген тауарлар мен қызметтерге ҚҚС Ішкі нарықтан түскен негізгі салық 1,741 трлн ₸ 100,3% 50,1%
Ресей және Беларусьтен импортталатын тауарларға ҚҚС Импорттық ҚҚС бойынша ең ірі баптардың бірі 902,7 млрд ₸ 87,3% 26,0%
ЕАЭО елдерінен импортталған тауарларға ҚҚС Импорттық түсімнің тағы бір маңызды бөлігі 650,0 млрд ₸ 90,6% 18,7%
Резидент емес үшін ҚҚС Жоспардан жоғары орындалған бап 139,9 млрд ₸ 108,1% 4,0%
Шетелдік интернет-компаниялардан түсетін ҚҚС Цифрлық қызметтерден түскен салық 41,3 млрд ₸ 155,9% 1,2%
Қайтарылған немесе расталмаған ҚҚС аударымдары Түсімі төмен қосымша бап 3,0 млрд ₸ 27,5% 0,1%
!
Негізгі себеп: ҚҚС түсімінің жоспардан төмен болуына ішкі нарық емес, импорттық ҚҚС-тағы әлсіздік көбірек әсер еткен. Ресей, Беларусь және ЕАЭО елдерінен импорт бойынша түсім жоспардан шамамен 199 млрд теңгеге төмен.

ҚҚС тобындағы қай санат артқа тартып тұр

Жалпы ҚҚС түсімі бірнеше бөліктен тұрады. Бюджеттің егжей-тегжейлі құрылымына назар аударсақ, мемлекет қазынасын кері тартып тұрған екі нақты «кінәліні» көреміз. Олар – ішкі нарық пен ЕАЭО елдерінен келетін импорт.

2026 жылдың алғашқы бес айында ҚҚС түсімі жоспарға жетпеді: бюджетке 176 млрд теңгеден астам қаражат кем түскен. Негізгі себеп ішкі нарық емес, импорттық ҚҚС-тағы әлсіздік. Қазақстан ішінде өндірілген тауарлар мен қызметтерден түсетін ҚҚС жоспарды орындады, ал Ресей, Беларусь және ЕАЭО елдерінен келетін импорт бойынша түсім айтарлықтай төмен болды.

Сонымен қатар, шетелдік интернет-компаниялардан алынатын ҚҚС ерекше өсім көрсетті: 5 айдың өзінде жылдық жоспардың 73%-дан астамы орындалған. Бұл Қазақстан бюджетінде цифрлық экономикадан түсетін салықтың рөлі артып келе жатқанын білдіреді.

Айта кетейік, ҚҚС салығын аз жинағанымен, Үкімет 5 айда жалпы салық түсімдерін толық жинады