
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Луиза Арбурды Канаданың генерал-губернаторы қызметіне ресми кірісуімен құттықтады.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлауынша, Мемлекет басшысы жеделхатта оған жаңа қызметінде табыс, ал Канада халқына бақ-береке мен өркендеу тіледі.
«Қазақстан Канадамен көпжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді және елдеріміздің халықтарының мүддесі жолында тығыз қарым-қатынас жасауға дайын», – делінген құттықтауда.
Тоқаев, сондай-ақ, Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамитынына сенім білдірді.
Луиза Арбур – канадалық танымал заңгер және құқық қорғаушы, Канада Жоғарғы сотының бұрынғы судьясы. Ол Оттавадағы мемлекет басшысы мен қарулы күштердің бас қолбасшысының өкілі ретінде бекітілген ресми рәсімнен кейін елдің 31-ші генерал-губернаторы болды. Бұл қызмет негізінен салтанатты сипатқа ие, бірақ кейбір конституциялық функцияларды да қамтиды.
CВC арнасы хабарлауынша, Арбур өзінің алғашқы сөзінде бірліктің маңыздылығы, жастарды қолдау, технологиялық өзгерістер мен жасанды интеллект қауіптері жағдайында елді дамыту туралы айтты. Ол, сондай-ақ, Канаданың «мінсіз» кемел демократия болып қала беретінін атап өткен.
Айта кетейік, Қазақстан мен Канада арасында бірнеше секторда байланыс бар. Мәселен, Қазақстанда мыс өндірумен айналысатын канадалық Ivanhoe Mines компаниясы елімізге қанша инвестиция құйғанын жазған едік.