Банк пен қаржы

Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі ұзарды

ҚНРДА ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасының жаңа мерзімдерін бекітті / Фото: kursiv.media архиві

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша жаңа мерзімдер белгіленді. Бағдарлама аясындағы қолдау шаралары 2025 жылдың соңына дейін өтініш тапсырған азаматтар үшін 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысында айтылған.

Құжатқа сәйкес, бұл талап банктерге, Қазақстан тұрғын үй компаниясы және өзге де уәкілетті ұйымдарға қолданылады. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін банктер 2026 жылғы 1 қарашадан кешіктірмей Қазақстанның тұрақтылық қоры алдында қорытынды салыстыру актілерін ұсынуға міндетті.

Қаулыда тұрғын үйі ұйымдардың балансына өткен қарыз алушыларға ерекше назар аударылған. Егер проблемалық қарыз алушы тұрғын үйді сатып алуды қаржыландыру немесе оны жалға беру туралы өтінішті 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тапсырмаса, банк аталған жылжымайтын мүлікті сатуға құқылы болады.

Сондай-ақ дәл осындай мерзімдер 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Банк Астана» АҚ-ның тарату комиссиясына да белгіленді. Комиссия банктің лицензиясы қайтарылып алынғандықтан бұрын қайта қаржыландырылмаған несиелері бар қарыз алушыларға қолдау көрсетуді жалғастырады. Бағдарламаға тек 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтініш берген азаматтар қатыса алады.

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаны Ұлттық Банк ипотекалық несиелерін өтеуде қиындыққа тап болған қарыз алушыларды қолдау мақсатында іске қосқан. Оның ішінде теңгенің құнсыздануынан кейін төлем жасау ауырлаған азаматтарға да көмек көрсету көзделді.

Бағдарлама аясында банктер несие шарттарын қайта қарап, сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге, клиенттердің қарыз жүктемесін жеңілдетуге және олардың жалғыз баспанасынан айырылып қалуына жол бермеуге мүмкіндік алды. Қайта қаржыландырудан кейінгі сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспады.

Еске салайық, ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету мерзімі 2027 жылға шегерілді.