Авто

Республикалық жолдардағы 140 мың жол белгісі тексеріледі

Дорожные знаки, Казахстан, дороги
Фото: Көлік министрлігі

Республикалық маңызы бар жолдарда жол белгілерінің жағдайы бір ай бойы тексеріледі. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

Мамандар еліміз бойынша шамамен 140 мың жол белгісін тексереді. Ең алдымен олардың техникалық жағдайына, оқылу сапасына және дұрыс орнатылғанына назар аударылады. Сондай-ақ мамандар белгілердің түнгі уақытта қаншалықты көрінетінін және жарық шағылдыратын элементтердің болуына назар аударады. Жол жағдайларын ескере отырып, олардың дұрыс орнатылуы да бағаланатын болады.

«Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жүргізілген жол учаскелері бөлек тексеріледі. Ол жерлерде жылдамдықты шектейтін белгілерді қоса алғанда, уақытша немесе ескірген белгілер сақталып қалуы мүмкін. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда мұндай белгілер алынып тасталады немесе өзекті белгілермен ауыстырылады», – делінген хабарламада.

Тексеру жұмыстарын Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы жүргізеді.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қазір республикалық автожолдарда шамамен 140 мың жол белгісі орнатылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағдарламасы аясында жыл сайын олардың шамамен 10 мыңы жаңартылады. Ал 2026 жылы тағы 8 мыңға жуық жол белгісін орнату және ауыстыру жоспарланған.

Еске салсақ, осыған дейін«ҚазАвтоЖол» жыл басынан бері ең көп пайдаланылған ақылы жолдарды атаған болатын.