
Алматы халықаралық әуежайы ішкі рейстердің ұшып шығу аймағындағы желдеткіш құбырына қатысты оқиғаға түсініктеме берді.
Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше, инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары кезінде иілгіш желдеткіш гофрасын төбе деңгейінен төмен түсіру барысында оның ішінара ажырауы орын алған.
Әуежай хабарлауынша, құбыр алдын ала бекітілген болатын. Одан кейін оны кезең-кезеңімен қажетті белгіге дейін түсіріп, бекіту жоспарланған. Алайда түсіру процесінде құрылым түйіскен жерінен ажырап, сақтандырғыш арқандарда ілулі қалған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта желдеткіш құбырдың барлық элементтері бөлшектелді.
«Жолаушылар мен әуежайға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу қосымша шаралар қабылданды. Жұмыстар әуежай инфрақұрылымын жоспарлы жаңғырту аясында жүргізілді», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ, баспасөз қызметі жағдай бақылауда екенін, ал әуежай қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы регламенттерді сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Айта кетейік, премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында әуежайды жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқанынын айтып басшылығын қатаң сынаған еді.