Жаңалықтар

Жазғы лагерьге тегін жолдаманы кімдер ала алады

Алматыда жазғы лагерьге тегін жолдаманы кімдер ала алады / Фото: Shutterstock

Алматыда жазда дәстүрлі түрде балаларды сауықтыру лагерьлері жұмыс істейді. Балалардың демалысы маусым-тамыз айларында өтеді, жолдамалар білім беру ұйымдары арқылы бөлінеді, деп жазады «ҚазАқпарат«.

Басылымның ақпаратына сүйенсек, тегін жолдама алуға (жеңілдіктерге) балалардың келесі санаттары құқылы:

  • аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар.

Балалардың тізімі мектептер мен аудандық білім бөлімдері арқылы растаушы құжаттардың негізінде қалыптастырылады. Жолдама алу үшін ата-аналар алдымен бала оқитын мектепке хабарласуы қажет. Өтініш сынып жетекшісі немесе мектеп әкімшілігі арқылы қабылданады.

Мектеп қажетті ақпаратты ұсынады және тиісті тізімді қалыптастырады. Егер бала мектеп тізіміне енгізілмесе, ата-аналар тұрғылықты жері бойынша аудандық білім бөліміне хабарласа алады.

Жолдаманы рәсімдеу үшін келесі құжаттар қажет:

  • ата-ананың немесе заңды өкілдің атынан өтініш;
  • баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болса);
  • баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама.

Жазғы демалысқа арналған тізімдер алдын ала, негізінен көктемде қалыптастырылады. Лагерьлер жаз айларында ұйымдастырылады. Бала тізімге енгізілгеннен кейін мектеп демалыс орны мен келу күні туралы ақпарат береді.

Негізгі тізімде орындар болмаған жағдайда, қосымша жолдамалар туралы ақпаратты нақтылауға немесе демалыстың ақылы нұсқаларын қарастыруға болады.

Айта кетейік, бұған дейін депутат Темір Қырықбаев балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздікті күшейтуді ұсынған.