
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шахматшы Бибісара Асаубаеваның спорт министрлігіне өткір жауабын қолдап, 22 жастағы чемпионды партия қатарынан көргісі келетінін мәлімдеді.
«Шахматтан әлем рейтингінің көшбасшысы, әйелдер арасында ең мықты ойыншылардың бірі Бибісара Асаубаеваның Қазақстан спорт министріне жауабы оның тактикалық шабуыл жасауға ұрымтал уақытты дұрыс таңдап қана қоймай,, стратегиялық қадамды сәтті жасай білетіндігін көрсетті», – деп жазды Әбенов Facebook-тегі парағына.
Бейсенбі күні Асаубаева шахматты басымдыққа ие спорт түрлерінен шығарып тастаған спорт министрлігін сынап, «бағытынан адасты» деп мәлімдеген.
«Келтірген дәйектері орынды. Айтып отырғаны дұрыс. Президент көп оқитын зияткер ұлт туралы айтып жүрсе, оған бағынатын министр шахматты басымдыққа ие спорт түрлерінен алып тастайды. Өзінің қатесін мойындамай, бұрыс әрекетін басты дәйек ретінде алға тартады. Қос бірдей қате деген осы», – деп есептейді Әбенов.
Дау үш дүркін әлем чемпионының жалақысын үш есе – 300 мың теңгеге дейін қысқартып тастауынан басталған. Туризм және спорт министрлігі Асаубаеваның айлығын қысқарту себебін шахматтың басымдыққа ие спорт түрлерінен шығып қалғанымен түсіндірген.
«Үлкен саясатқа жаңадан қосылған министр осындай тағы бірнеше қате жіберсе, онысы мансабына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін. Ал Бибісара болса шахматта ғана емес, түрлі партиялар үшін жақсы үміткер ретінде көрсете білді», – дейді Әбенов.
Сол арқылы депутат мінезді чемпионды «Аманат» партиясы құрамында көргісі келетінін жанама түрде меңзеп өтті.
Қазақстандағы саяси партиялар биыл тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындалып жүр. Жақында Amanat пен жаңадан құрылған «Әділет» партиясы бірігуі мүмкін екені мәлім болған.