Экономика

Араб инвесторы Қазақстанда тағы бір банк ашады

Қазақстанда тағы бір жаңа банк ашылады Фото: kursiv.media архиві

Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаржы институттарының бірі – Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) Қазақстанда өзінің еншілес банкін ресми түрде тіркеді. Жаңа құрылым «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ деген атаумен қызмет көрсетпек.

Наурыз айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) араб инвесторларына жаңа еншілес банкті құру, банктік холдинг мәртебесін алу және еншілес ұйым ашуға ресми рұқсат берген.

Араб акционері жаңа еншілес банктің жай акцияларын сатып алу үшін 20 млрд теңге көлемінде капитал құйып, акцияларды толығымен иеленді.

Жаңа банк «ислам терезесі» механизмі арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуды көздеп отыр.

Қазір Қазақстанның банк секторында 23 банк жұмыс істейді, соның 10-ы – еншілес банктер.

Айта кетерлігі, Abu Dhabi Commercial Bank активтері 256 млрд теңгені құрайтын және отандық банктер арасында 21-орында тұрған «ADCB Ислам Банкі» АҚ-на иелік етеді.

Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі банктердің бірі. 2026 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, активтерінің көлемі жағынан БАӘ-дегі 56 банктің ішінде 3-орынды иеленеді.

Банктің мажоритарлық акционері – Абу-Даби Үкіметіне толықтай тиесілі Mubadala Investment Company егемен инвестициялық қоры. Сонымен қатар банк жоғары халықаралық кредиттік рейтингке ие (S&P нұсқасы бойынша «A+», Fitch нұсқасы бойынша «A+»).