Жаңалықтар

Астанада клиенттің алтынын ломбардқа өткізген такси жүргізушісі ұсталды

Астанада клиенттің алтынын ломбардқа өткізген такси жүргізушісі ұсталды / Фото: Shutterstock

Астана полиция департаментінің хабарлауынша, такси жүргізушісі клиент берген алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікке ілінді.

33 жастағы ер адам алаяқтық жасады деп айыпталуда. Тергеу мәліметінше, клиент такси жүргізушісіне курьер арқылы басқа қалаға жеткізу үшін бірнеше қорап берген. Алайда күдікті оларды ашып, ішінен зергерлік бұйымдарды тапқан.

«Осыдан кейін ол алтын әшекейлерді 3 млн теңгеден астам сомаға ломбардқа өткізіп, жеткізу тапсырмасын орындамаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Тергеу барысында ер адам өз кінәсін толық мойындады», – делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қазақстандықтарды бағалы заттарды беру кезінде сақ болуға және тек ресми жеткізу қызметтерін пайдалануға шақырады.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда такси қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп, тасымалдаушылардың хабарлама беру ережесіне өзгеріс енгізілген еді.