
Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады.
Ақорданың хабарлауынша, Динара Зәкиева бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыс жөнінде ақпарат берген.
Айтуынша, биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленді.
«Жағдайды жіті сараптау негізінде 5 жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Құжат әлеуметтік қолдауды және бала құқықтарын қорғауды күшейтетін 158 шараны қамтиды.
Мемлекет басшысына облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмысы аяқталып, олардың құзыреттері ұлттық заңнамада бекітілгені жөнінде баяндады.
Қазір қажетті ұйымдастыру рәсімдері қолға алынған», – делінген ақпаратта.
Биыл 9 өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізіліп, балалардың психологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар сапасы зерделенді.
Закиева 111 мемлекеттік байланыс орталығына түсетін өтініштер бойынша жүргізілген жұмысқа тоқталды.
«Мектептерде QR-111 жүйесінің енгізілуі балалармен тікелей байланыс орнату және олардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау барысында тиімді болғанын көрсетіп отыр. Аталған құрал іске қосылғаннан бері, яғни, 2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусым айына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4 523 қоңырау келіп түскен», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балалар уақытша тұра алатын бірнеше дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр.