
«Жұлдыз болғым келеді» II республикалық шығармашылық жобасының финалистері анықталды. Жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған.
Байқау идеясы мен тұжырымдамасының авторы – блогер әрі балалар үйінің түлегі Алексей Лодочников. Жоба оқу-ағарту министрлігі және «El Umiti» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асады.
Биылғы байқау би жанры бойынша өткізіліп жатыр. Өңірлік іріктеу кезеңіне 370 өнерпаз қатысып, 140-ы финалға жолдама алды.
Ақтық бәсеке 2026 жылғы 29-30 қазанда Астанада өтеді. Өнерпаздар екі күн бойы үлкен сахнада өнер көрсетіп, жобаның бас жүлдесіне таласады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі. Бұған қоса, олар шетелге шығуға мүмкіндік алады.
2025 жылы жоба алғаш рет вокал жанры бойынша өткізілді. Былтыр байқауға балалар үйлерінің 170 тәрбиеленушісі қатысып, 40 өнерпаз финалға өткен.