
Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева Туризм және спорт министрлігінің ұстанымы Президент бағытына қаншалық сай деген сауал тастады. Оның пікірінше, «министрлік бағытынан адасып жүр».
Дау өршіп барады
Бибісара Асаубаева мен спорт министрлігі арасындағы текетірес одан сайын күшейіп барады. 22 жастағы шахматшы бүгін, 11 маусымда даулы мәселеге қатысты шенеуніктер ұстанымы туралы пікірін жариялап, олардың әрекетін сынады.
«Мен спорт министрлігінің ресми жауабын мұқият оқып шықтым. «Шахмат басымдыққа ие спорт түрлеріне жатпайды» депті. Шынымды айтайын, осы сөйлемді бірнеше мәрте қайталап оқыдым», – дейді таңданысын жасыра алмаған шахматшы.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын – 10 маусымда министрлік Асаубаеваның президентке жазған хатына байланысты шұғыл брифинг ұйымдастырған. Сол кезде вице-министр Серік Жарасбаев шахмат спортына басымдық жоқ екенін мәлімдеген.
Министрлік «бағытынан адасты»
Дау шахматшы жалақысын үш есе – 300 мың теңгеге дейін қысқартып тастаудан басталған. Асаубаева «Барыс» орденін де әлі алмағанын айтып, президентке шағымданған.
«Шахмат басымдыққа ие болмаса, Президент мені II және III дәрежелі «Барыс» орденімен не үшін марапаттады? Қазір мен әлем рейтингінде бесінші орында тұрмын», – деп жазды Асаубаева.

Айта кетейік, президент 2026 жылғы 6 наурызда Асаубаеваны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған.
«Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр», – деп мәлімдеген сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев.
Асаубаева ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін 2024 жылғы 23 қазанда алған.
«Маңызды сұрақ: Спорт министрлігінің ұстанымы Президент бағытына қаншалықты сай? Өйткені шахматтың өзі интеллект – ел болашағы. Соған қарағанда, спорт министрлігі бағытынан адасқан сияқты«, – деп мәлімдеді Бибісара.
Осының алдында вице-министр Серік Жарасбаев елдегі топ спортшылары өздеріне ерекше қарым-қатынасты талап етіп, «тым қатты еркелеп кетті» деген. Бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров та бес ай жалақы алмағанын айтып, спорттағы даулы мәселенің бетін ашқан.