
Батыс Қазақстан облысында ауыл мектебінің бірден үш түлегі суға кетті. Олар шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен.
Ktk арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға кешкі уақытта Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылында болған. Елді мекеннің жанынан Кіші Өзен өзені ағып өтеді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, мектеп бітірушілер емтихан тапсырғаннан кейін табиғат аясына шыққан. Қаза тапқан жігіт пен бір қыздың жасы 17-де болған, ал үшінші бойжеткеннің 18-ге толғаны белгілі.
Құтқарушыларға бұл туралы полиция қызметкерлері хабарлаған. ТЖД мәліметінше, мектеп түлектері суға шомылуға арналмаған, тыйым салу белгісі орнатылған жерде түскен.
«Оқиға орнына департаменттің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Бөлімшелер жеткенге дейін қаза тапқандардың денесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», – деді БҚО Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсанов.
Айта кетейік, бұған дейін Италияда су жағасынан қазақ студентінің мәйіті табылған.