Жаңалықтар

Мехикода 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Мехикода 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті / Фото: FIFA

Мексика астанасы Мехико қаласында 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара мундиальдің алғашқы матчы өтетін әйгілі «Ацтека» стадионында ұйымдастырылды.

Алдымен ацтектер бейнесіндегі мексикалық бишілер өз елінің тарихын баяндайтын ауқымды шоу көрсетті. Бір нұсқа бойынша, жергілікті тұрғындар доппен ойналатын ойынды (футболдың бастауы) осыдан 3000 жыл бұрын ойлап тапқан.

Сондай-ақ, стадионның ортасында әлем чемпионатының жеңімпазына табысталатын кубоктың көшірмесі – үлкен алтын кубок пайда болды.

Кейіннен Шакира, Бурна Бой, Джей Балвин, «Мана» тобы, Тайла және Алехандро Фернандес сияқты танымал орындаушылар өнер көрсетті. Салтанатты шара жарқыраған отшашумен аяқталды.

Енді Мексика мен ОАР құрамалары арасындағы мундиальдің ашылу матчы басталады. Ойын басталар алдында David Guetta және Андреа Бочелли сияқты тағы бірнеше әлемдік жұлдыздың өнер көрсетуі күтілуде.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет үш елде – АҚШ, Мексика және Канадада бір мезгілде өткізілуде.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының (ӘЧ-2026) барлық матчын отандық Qazaqstan және Qazsport телеканалдары тікелей эфирде көрсетеді