
Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясына тесілі Оңтүстік Жезқазған кенішінің кеншілері жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Наразылық білдірген жұмыскерлер жалақыны 50%-ға өсіру, еңбек демалысы кезінде орташа еңбекақының сақталуын, кадр тапшылығын жою және белсенді жұмысшыларды қудаламауды талап еткен.
Кеншілердің талабы қандай болды?
Ереуілдің тұтануына жұмысшылардың жалақы деңгейі, еңбек жағдайы және кәсіпорын басшылығының іс-әрекеттеріне көңілі толмауы себеп болды.
Жұмысшылар ұжымы басшылыққа мынадай негізгі талаптарды қойған:
- Лауазымдық жалақыларын 50%-ға көтеру;
- Жылдық еңбек демалысы кезеңінде орташа жалақының толық сақтау;
- Кеніштердегі кадр тапшылығы мәселесін шешу және штатты қажетті мамандармен толықтыру;
- Талаптарды алға тартқа жұмысшылардың өкілдерін қудаламау және оларға тәртіптік шара қолданбау.
Компания еңбек жағдайы жақсартуға уәде беріп отыр
Ал «Қазақмыс» компаниясы жұмыс беруші тарап еңбек ұжымымен ашық диалог жүргізді деп мәлімдеді.
«Көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі ұзақ жылдар бойы жеткіліксіз қаржыландыруға байланысты жабдықтардың техникалық жағдайына қатысты болды. Осыған байланысты басшылық жұмыскерлердің еңбек жағдайын одан әрі жақсарту, сондай-ақ өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында инвестициялық бағдарламаны кеңейтіп, оның іске асырылуын жеделдетуге ниетті», – делінген жауапта.
Кейінгі ақпарат бойынша, қазіргі уақытта кәсіпорын қайтадан штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Қазақмыста» мұндай еңбек жанжал алғаш рет болып отырған жоқ. Осыған ұқсас ірі наразылық 2024 жылдың желтоқсанында да орын алған. Ол кезде 250-ден астам шахтер жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыны өсіруді талап еткен болатын.
2025 жылдың соңында Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмыс корпорациясын» құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевқа (Qazaq Stroy) сатқан. Артықбаев оны Швейцариядағы шикізат трейдері Mercuria Energy Group Ltd-дан қарызға алған 1,2 млрд долларға сатып алған. Топтың құрамында 32 компания қалды.