
Астанада Халықаралық өркениеттер диалогы күніне орай E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдерінен 150-ге жуық делегат қатысты.
Форумда энергетика, цифрлық технологиялар, білім беру, кадр даярлау және жастар саясаты мәселелері талқыланды. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және энергетика саласындағы жас мамандарды қолдау тақырыптарына назар аударды.
Қатысушылар панельдік пікірталастарға қатысып, халықаралық сарапшылардың баяндамаларын тыңдап, жастар бастамаларын талқылады.
CNPC Central Asia компаниясы бас директорының орынбасары Гао Биннің айтуынша, форум жастар арасындағы халықаралық байланысты нығайтуға бағытталған.
«Жастар форумын өткізудегі негізгі мақсат – әртүрлі елдер мен өңірлердің жастары арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланысты нығайту. Бұл алаң жастарға өзекті мәселелерді бірге талқылап, ортақ мүдделер мен қажеттіліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Біз жастарды жігерлендіріп, олардың жан-жақты дамуына ықпал етуді көздейміз», – деді Гао Бин.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастыққа арналған көрме ұйымдастырылып, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар мен технологиялық шешімдер таныстырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов форумның Халықаралық өркениеттер диалогы күнімен қатар өтуінің мәніне тоқталды.
«Қазақстан үшін өркениеттер диалогы тақырыбы ерекше маңызды. Ұлы Жібек жолы тек сауда бағыты ғана емес, білім мен идеялардың алмасу алаңы қызметін атқарды. Бүгінде сол миссия жаңа мазмұнға ие болып отыр. Қазіргі Жібек жолының басты құндылықтары – білім, технология, инновация және адами капитал», – деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан жастар саясаты саласында Қытаймен және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Қазіргі уақытта тараптар 2027 жылы жастар саясатының әртүрлі бағыттары бойынша бірлескен семинарлар өткізуді қарастырып жатыр.