Жаңалықтар

«Тау-Кен Самұрық» вольфрам кен орнын игеретін компания үлесін 114 млн долларға сатқан

Кен орнын Трамптың ұлдары сатып алды ма / Фото: shutterstock

Мемлекеттік «Тау-Кен Самұрық» тау-кен компаниясы «Солтүстік Қатпар» вольфрам кәсіпорнындағы 70 пайыздық үлесін 114 млн долларға сатты. Бұл жаңалықты inbusiness.kz тілшісі холдингтің 2025 жылғы қаржы есебінен байқаған.

Ақпан айының соңында бекітілген ресми құжатқа сүйенсек, «Солтүстік Қатпар» серіктестігі Үкімет қаулысымен жекешелендіру (яғни жеке меншікке сату) тізіміне енген болатын.

Осы бағдарлама аясында компания ең тиімді сату жолын іздеп, сатып алушыларды анықтаған. Соның нәтижесінде, 2026 жылғы 13 ақпанда сатып алу-сату келісімшарты жасалып, кәсіпорынның 70% үлесі 114,8 млн долларға бағаланған. Қаржы есебі бекітілген уақытта бұл мәміле әлі толық аяқтала қоймаған.

Аdata.kz ашық деректер қорының мәліметінше, «Солтүстік Қатпар» ЖШС-ның екі қожайыны бар. Олар – «Cove Kaz Capital Group LLC» компаниясы мен отандық «Тау-Кен Самұрық» холдингі.

Cove Kaz Capital Group LLC – халықаралық Cove Сapital Group LLC құрамына кіреді. Аталмыш топ 2015 жылдан бері геологиялық барлау кезеңінен бастап құрылыс кезеңіне дейінгі тау-кен жобаларына инвестиция салып келеді. Cove Capital кеңсесі АҚШ пен Аустралияда орналасқан.

«Тау-Кен Самұрық» вольфрам кен орнын игеретін компания үлесін инвесторға сатқаны сәуір айында белгілі болды.

Шетелдік БАҚ 70 пайыз үлесті сатып алған америкалық компанияны АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдарымен байланыстырады. Financial Times басылымының жазуынша, Cove Kaz Capital компаниясы Қазақстандағы вольфрам жобасын дамыту үшін АҚШ Қорғаныс министрлігінен қосымша 400 млн доллар сұраған.

Инвестор Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеруге 1 миллиард доллар инвестиция салмақ.