
Сенат цифрландыру, жеке деректердің қауіпсіздігі және көлік саласындағы жаңа технологияларды реттеуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі – электромобильдерге арнайы мемлекеттік нөмір беру. Заң осы жазда қабылданады деп күтілуде. Алайда жаңа нөмірлерді көлік иелері бірден ала алмайды.
Сенат отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
«Біз бұл қызметті ұсынатын компаниялармен барлық мәселені талқыладық. Электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік нөмірлерді дайындауға бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді. Себебі өзгеріс тек нөмірдің түсіне қатысты болады. Алдын ала мәлімет бойынша, оның түсі жасыл болуы мүмкін. Біз алты айлық өтпелі кезең енгізуді ұсынып отырмыз. Осы уақыт ішінде жеткізуші барлық дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бұл маңызды әрі өзекті өзгерістерге бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалмайды», – деді ол.
Заң жобасында тағы қандай өзгерістер бар
Заң жобасында Қазақстанда жүргізушісіз көліктердің қозғалыс тәртібін реттеу мәселесі де қарастырылған.
Сондай-ақ электросамокат пен басқа да шағын электр көліктерімен көлік жүретін жолға шығуға тыйым салу ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек жүргізуші куәлігінсіз мас күйде көлік тізгіндегендер 7–8 жылға дейін жүргізуші куәлігін ала алмай қалуы мүмкін.
Электромобильдерге басқа түсті нөмірлер не үшін керек
Депутаттардың айтуынша, қазіргі уақытта камералар мен техникалық жүйелер электромобильдерді тез анықтай алмайды. Бұл ақылы тұрақтарда, қуаттау бекеттерінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіреберісте және көлік түрін бірден анықтау қажет болатын басқа да жерлерде қиындық туғызады. Сол себепті оларға басқа түсті нөмірлер берілуі мүмкін.