
Жазғы аптап ыстықта автокөлікке қандай жанармай құйған дұрыс – АИ-92 ме, әлде АИ-95 пе? Бұл сұрақ жүргізушілер арасында жиі талқыланады. Кейбір ескі атмосфералық қозғалтқышы бар көлік иелері қымбатырақ жанармайға артық ақша жұмсаудың қажеті жоқ деп есептейді. Алайда ауа температурасы жоғары болған кезде бұл тек үнемдеуге емес, қозғалтқыштың жұмысына да тікелей әсер етеді. Бұл туралы халықаралық Fit Service желісінің техникалық директоры Никита Родионов айтты.
Неліктен жазда детонация қаупі артады
Ыстық күні қозғалтқыш жоғары температура жағдайында жұмыс істейді. Цилиндрлер мен капот астындағы бөлшектер қатты қызады, ал жүктеме артқан кезде жанармай-ауа қоспасының дұрыс жанбау қаупі, яғни детонация ықтималдығы өседі. Бұл қозғалтқыш қуатының төмендеуіне, отын шығынының артуына және бөлшектердің тез тозуына әкелуі мүмкін.
«АИ-95 жоғары температура мен күш түскен жағдайда детонацияға жақсырақ төтеп береді. Әсіресе, басып озу кезінде, өрге көтерілгенде немесе көлік толық жүктелген кезде бұл өте маңызды», – деді Родионов.
Қашан АИ-95 бензинін таңдаған дұрыс
Егер көлік өндірушісі АИ-95-тен төмен бензин қолданбауды ұсынса, әсіресе, жаздың ыстық күндерінде үнемдеуге тырыспаған жөн. Бұл талап, ең алдымен, заманауи турбоқозғалтқыштар мен сығымдау дәрежесі жоғары моторларға қатысты.
Тіпті техникалық нұсқаулықта АИ-92 мен АИ-95 екеуін де қолдануға рұқсат етілсе, жаз мезгілінде АИ-95 құйған дұрыс. Сарапшының айтуынша, бұл қозғалтқыштың тұрақты жұмыс істеуіне көмектесіп, детонация қаупін азайтады.
АИ-92 қай жағдайда жеткілікті
АИ-92 бензиніне бейімделген атмосфералық қозғалтқыштар үшін сапалы АИ-92 жазда да қалыпты таңдау болып қала береді. Егер жүргізуші көлікті қалыпты режимде пайдаланса, екі жанармай түрінің арасындағы айырмашылықты айтарлықтай сезбеуі мүмкін.
Алайда Никита Родионовтың айтуынша, ең маңыздысы – бензиннің маркасы емес, оның сапасы мен жанармай құю бекетінің сенімділігі.
Неліктен бензиннің сапасы маңызды
Сапасыз жанармай октан санына қарамастан қозғалтқышқа зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе құрамындағы күмәнді қоспалар қауіпті. Олар оталдыру шамдары мен катализаторда қақтың жиналуына себеп болады.
Сондықтан мамандар қазақстандық жүргізушілерге жанармайды сенімді әрі тексерілген желілік жанармай құю бекеттерінен алуға және көлік өндірушісінің ұсынымдарын басшылыққа алуға кеңес береді.
Айта кетейік, ұлттық статистика бюросының мәліметінше, АИ-95 маркалы бензин Қазақстанда бір айда қатты қымбаттаған жоқ. Керісінше, мамырда орташа баға 312 теңгеден 311 теңгеге түсті.