
20 жастағы 4 қазақстандықтың зейнетақы шотында 6,7 миллион теңгеден асатын қаражат жинақталған. Бұл – олардың жасындағылар үшін бекітілген ең төменгі жеткілікті шектен жоғары сома. Жалпы алғанда, 30 049 адам өз жасына сай белгіленген шектен асатын ақша жинап үлгерген. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) KursivMedia сауалына берген жауабында жазылған.
Сонымен қатар жасы отызға келген 396 азаматтың жинағы сол жасқа бекітілген 9,7 млн теңгеден асады. Ал қырық жастағы 1382 қазақстандықтың зейнетақы шотындағы қаражат жеткілікті шектен асып тұр.
Ал зейнет жасына жақындаған (62 жастағы) 257 адамның зейнетақы жинағы 23,5 млн теңгеден көп.
БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, шекті деңгейлер аспаннан алынбаған, оның арнайы есептеу әдістемесі бар.
Онда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы, инфляция, жыл сайынғы зейнетақы мен ең төменгі жалақы көлемі ескеріледі.
«Жаңартылған әдістемедегі басты өзгеріс – ТЖШ енді азаматтың зейнетақы шотында жинақталған қаражат көлемін ескере отырып, болашақтағы зейнетақы төлемдерінің нысаналы деңгейін есептейді. Басқаша айтқанда, жаңа әдістеме болашақта лайықты зейнетақы алу үшін шотта қандай сома қалуы қажет екенін анықтайды», – делінген жауапта.
23,5 млн теңге жинаған адам қандай зейнетақы алады?
Егер азамат 62 жасқа дейін зейнетақы қорында өз жарнасы мен үстіне қосылған инвестициялық табысты есептегенде 23,5 миллион теңге жинаса, оның зейнетақысы арнайы бекітілген формуламен есептеледі.
Ол үшін жиналған ақша 6,5%-ға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Нәтижесінде, 23,5 млн теңгесі бар адам мемлекет беретін зейнетақыдан бөлек, тек осы қордағы өз ақшасынан ай сайын шамамен 127,8 мың теңге алып тұрады.
Бұл сома жыл сайын 5%-ға өсіп отырады және БЖЗҚ- дан зейнетақы төлемдері қаражат таусылғанға дейін төленеді.
5 маусымда зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өзгеріп, бірден 79 пайыздан екі есеге дейін өсті. Соған сәйкес, зейнетақы шотындағы артық ақшаны алу үшін 20 жастағы жігіттің шотында кемі 6 млн 670 мың теңге жиналуы керек болса, 40 жастағы азаматтың зейнетақы жинағы 13 млн 370 мың теңге болуы шарт.