Жаңалықтар

Әлем чемпионаты: Оңтүстік Корея тартысты ойында Чехиядан басым түсті

Фото: FIFA

Футболдан Әлем чемпионатының 1-туры аясында Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары жасыл алаңда кездесіп, жанкүйерлерге тартысты әрі драмаға толы ойын сыйлады. ФИФА рейтингінде 25-орында тұрған азиялық ұжым 40-орындағы еуропалық қарсыластарын 2:1 есебімен жеңіп, маңызды 3 ұпайға қол жеткізді.

Бірінші тайм

Ойынның алғашқы 45 минуты қос команданың бір-бірін аңдуымен және сақ қимылдауымен өтті. Екі жақ та қорғанысқа баса назар аударып, есеп ашатын мүмкіндіктерді жіберіп алды. Нәтижесінде бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды.

Екінші тайм

Екінші тайм басталғаннан кейін ойын мүлдем басқа арнаға бұрылды.

59-минутта Чехия құрамасы есеп ашты. В. Цоуфалдың пасынан кейін Крейчи мергендік танытып, еуропалықтарды алға шығарды (0:1).

Көп ұзамай 67-минутта Оңтүстік Корея тез арада есепті теңестірді. Ли Кан Иннің берген пасын Хван ИнБом голға айналдырды (1:1).

Тағы он минуттан кейін Чехия құрамасының капитаны Т. Соучектің соққан голы VAR (бейнебақылау) жүйесі арқылы тексеріліп, офсайд (ойыннан тыс тыс қалу) болуына байланысты есепке алынбады.

80-минутта Корейлер қарқынды үдете түсті. Хван Ин-Бомның пасынан кейін алаңға тыңнан қосылған Oh Hyeon-Gyu жеңіс голын соғып, командасына басымдық алып берді (2:1)

Төреші қосқан 6 минуттық қосымша уақытта Чехия есепті теңестіруге тырысқанымен, Оңтүстік Корея қорғанысы сыр берген жоқ. Осылайша, Оңтүстік Корея құрамасы қиыннан қиыстырып, Әлем чемпионатының алғашқы турында маңызды жеңісті қанжығасына байлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлем чемпионатының алғашқы ойынында алаң қожайындары Мексика Оңтүстік Африка Республикасын жеңген еді.