Жаңалықтар

Алматыда 12 жастағы оқушы пышақтап өлтірілді: одан бір жас үлкен жасөспірім ұсталды

Алматыда 12 жастағы оқушыны пышақтап өлтірді
Оқушылар арасындағы жанжал кісі өліміне әкеп соқтырды / фото: threads.com/@ziizhans

Алматы қаласында 12 жастағы оқушы пышақ жарақатынан кейін көз жұмды. Полиция марқұмның 13 жастағы бір танысын ұстады. Туыстары көпшіліктен қолдау күтеді.

Іс қозғалды

Қайғылы оқиға Алматы қаласы Түріксіб ауданында 10 маусымда кешке болған. Полиция мәліметінше, оқушы бала пышақ парақатынан қаза тапқан.

Оны өлтірді деген күдікпен 13 жастағы жасөспірім ұсталды. Күдікті марқұмды танитын болып шықты.

«Алдын ала мәлімет бойынша, жарақат кәмелет жасқа толмаған балалардың жанжалы кезінде түскен. Қазір күдікті арнайы мекемеге қамалды», – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр.

12 жастағы марқұмның туыстары көпшіліктен қолдау күтеді
Марқұмның туыстары күдікті шартты жазамен құтылып кетеді деп қауіптенеді / фото: threads.com/@ziizhans жазбасынан скриншот

Тоғыз мәрте пышақ сұғылған

Марқұмның туыстарының айтуынша, оқушыға тоғыз мәрте пышақ сұғылған. Туыстары әлеуметтік желіге шығып, көпшіліктен қолдау сұрады. Өйткені олар 13 жастағы күдіктіге ауыр жаза берілмейді деп ойлайды.

Бұған қоса, марқұмның туыстары полиция бейнекамера түсірген таспаны көрсетпей отырғанын мәлімдеді. Құзырлы орган оқиғаның басқа да мән-жайын тергеу мүддесіне сай жарияламай отыр.

Ғұмыры бар болғаны 12 жасында үзілген Абылайды туыстары мен жақындары 12 маусым, жұма күні жер қонауына тапсырды.

Бұған дейін Kursiv.Media осы аптада Италияда 21 жастағы қазақ студентінің мәйіті табылғаны туралы жазған.