Жаңалықтар

«Ашық айтудан ұялмаймыз»: Айдос Сарым партияларды қосу себебін түсіндірді

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым
Саяси партиялардың қосылуының жалғыз ғана мақсаты бар / фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым билік саясатын жақтайтын қос саяси күштің бірігу себебін Kursiv.Media-ға түсіндірді.

Қазақстандағы ең ірі саяси күш – Amanat партиясы 12 маусымдағы съезде жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Партия мүшесі, депутат Айдос Сарым оның себебін былайша түсіндірді:

«Өзіміздің даму стратегиямыз бар. Оны ашық айтудан ұялмаймыз да, қысылмаймыз да. Бізге Құрылтайдағы көпшілікті, яғни «бақылау пакетін» сақтап қалу міндет», – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, президент бағытын қолдайтын партиялар үш түрлі жолмен сайлауға баратын болса, діттеген межеге жетпей қалуы ғажап емес.

«Кез келген саяси науқан, сайлау бәсекені талап етеді. Бір-бірімізбен айтысып, тартысып кетуіміз мүмкін. Болашақта Құрылтайда көпшілікті қадағалау, бюджетті, бүкіл заңнаманы жаңартуды қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылданып жатыр», – деп түсіндірді Сарым.

«Әділет» партиясымен бірігу мәселесі «Аманат» саяси кеңесінің 2026 жылғы 6 маусымдағы саяси кеңесінде сөз болған. Ал 12 маусымдағы съезде жаңадан құрылған саяси ұйымға қосылу туралы шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, «Әділет» партиясы 2026 жылғы 1 маусымда ресми түрде тіркелді. Бастамашыл топ осындай партия құрылатынын биыл сәуірдің ортасында мәлімдеген. Саяси ұйым Әділетті Қазақстан құндылықтарын қорғауды көздейді. Ресми тіркелген саяси бірлестік енді биыл тамыз айында Құрылтай сайлауына түседі.

Ал Amanat болса кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған «Отан», содан кейінгі «Нұр Отан» партиясының атауын өзгерткен мұрагері. Қазақстанның тұңғыш президенті ешқандай саяси партияда жоқ екені жақында мәлім болды.