Жаңалықтар

Болашақта жұмыссыздық жайлап, адамдар өмірдің мәнін жоғалтып алуы мүмкін – Томский

Kursiv Talks подкасынан кадр

inDrive басшысы әрі негізін қалаушы Арсен Томский жасанды интеллект пен роботизацияның жедел дамуы жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соғуы мүмкін деп санайды. Кәсіпкер бұл туралы Kursiv Talks подкасында айтып берді.

Томскийдің сөзіне қарағанда, автоматтандыру бірте-бірте тек интеллектуалдық емес, физикалық еңбекке де әсер етеді. Роботтар арзандап, кеңінен тарала бастайды, бұл экономиканың барлық саласында дерлік еңбек нарығын өзгертуге қабілетті.

«Меніңше, мұның бәрінің қарқыны соншалықты жоғары, мемлекеттер бейімделіп үлгермейді және белгілі бір деңгейде әлеуметтік толқулар кезеңі болады», – деп мәлімдеді бизнесмен.

Томский ақыр соңында мемлекеттер азаматтарды жұмыспен қамтылуына қарамастан кепілді төменгі табыспен қамтамасыз етуге мәжбүр болады деп санайды. Оның пайымдауынша, уақыт өте келе мұндай табыстың көлемі арта түседі, өйткені экономикалық құндылықтың айтарлықтай бөлігін роботтар мен автоматтандырылған жүйелер жасай бастайды.

Бұдан бөлек, кәсіпкер басқа да мәселені көріп отыр. Егер адамдарға нәпақа табу үшін жұмыс істеу қажет болмай қалса, көбі өмірлік бағдарын жоғалып, өмірден мән таппай кетуі мүмкін. 

«Сәйкесінше, олардың барлығына бір нәрсемен айналысу керек болады. Менің ойымша, бұл қазірдің өзінде бірдеңе жасауға болатын ең перспективалы салалардың бірі. Яғни, жұмыссыздарға қандай да бір өмірлік мән беретін стартаптар құру қажет», – деп атап өтті Томский.

Бизнесменнің болжамынша, мұндай өзгерістер алдағы екі онжылдықта-ақ орын алуы мүмкін.

Томскийдің дәулеті 865 млн долларға бағаланады. Ол Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері рейтингінде 12-орында тұр.

Бұған дейін Арсен Томский жұмыстан бос уақытта курьер болып жүргенін айтқан.