Экономика

Goldman Sachs Brent мұнайының бағасына қатысты болжамын тағы да төмендетті

Goldman Sachs Brent бағасы 2027 жылы орта есеппен 80 доллар болады деп күтеді / Фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Goldman Sachs қаржы ұйымы Brent мұнайының 2027 жылға арналған орташа бағасы жөніндегі болжамын төмендетті. Reuters агенттігінің мәліметінше, инвестбанк енді Brent бағасы 2027 жылы орта есеппен 80 доллар болады деп күтеді.

Бұған екі негізгі себеп бар. Біріншісі – әлемде мұнай ұсынысы артып келеді. Екіншісі – сұраныс бұрынғыдай күшті емес, әсіресе Қытай нарығында әлсіздік байқалады.

Мұнай неге арзандауы мүмкін?

Reuters мәліметінше, Goldman Sachs АҚШ, Бразилия, Гайана, Венесуэла және БАӘ-де мұнай өндірісі өсіп жатқанын атап өткен. Бұл нарыққа қосымша қара алтын шығатынын білдіреді.

Қарапайым тілмен айтқанда, мұнай көбейіп, ал сұраныс баяу өссе, бағаға қысым күшейеді. Мұндай жағдайда Brent бағасының жоғары деңгейде ұзақ сақталуы қиындайды.

Сұраныс жағында да белгісіздік көп. Әсіресе Қытайдағы өзгерістер маңызды. Қытай әлемдегі ең ірі мұнай тұтынушылардың бірі болғандықтан, ондағы баяулау бүкіл нарыққа әсер етеді.

2026 жылы Brent әлі өсуі мүмкін

Goldman Sachs 2026 жылдың төртінші тоқсанында Brent орта есеппен 90 доллар болады деген болжамын сақтап отыр.

Reuters агенттігі жазғандай, бұған геосаяси тәуекелдер әсер етуі мүмкін. Әсіресе Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалы толық қалпына келмесе, нарықтағы баға құбылуы күшейеді.

Айта кетейік, қазір қазақ мұнайы Brent-тен қымбат сатылып тұр.