
Испаниялық шабуылшы Марк Гуаль алматылық «Қайраттың» қатарын толықтырды, деп хабарлады футбол клубы. 30 жастағы спортшымен келісімшарт 2027 жылдың соңына дейін жасалды. Қаржылық мәліметтер жария етілмеді.
Бұған дейін Гуаль өнер көрсеткен португалиялық «Риу Аве» тараптардың келісімімен ынтымақтастықтың тоқтатылғанын хабарлады.
Шабуылшы «Бадалона», «Барселона» және «Эспаньол» академияларында жаттыққан. Кәсіби деңгейде ол испаниялық «Севилья», «Сарагоса», «Жирона», «Алькоркон» және мадридтік «Реалдың» екінші командасы «Реал Кастилья» сапында өнер көрсетті.
Шетелде Гуаль польшалық «Ягеллония» (Белосток) және «Легия» (Варшава) клубтарында ойнады. 2022 жылы ол «Днепр-1» командасына қосылды, алайда толық ауқымды соғыстың басталуына байланысты украиналық клуб сапында дебют жасай алмады.
Сондай-ақ Гуаль Испанияның жастар құрамасы (U21) сапында үш матч өткізген.
Айта кетейік, бұған дейін Дастан Сәтпаев лондондық «Челсиге» аттанар алдында «Қайрат» сапында соңғы ойындарын қай уақытта өткізетіні белгілі болған еді.