
Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот жалғасып жатыр. 12 маусымдағы сот отырысында да тергеу кезінде түсірілген видеолар көрсетілді. Ол жерде Сәрсемәлиев «мен маньяк емеспін» деп айтқан.
Жергілікті ATPress сайтының хабарлауынша, Сұлтан Сәрсемәлиев ата-енесін өлтіремін деп шешкеннен кейін оқиға ізін жасыру жолдарын алдын ала ойластырған.
Сөзінше, ата-енесін біреу іздеп қалған жағдайда олардың жоқ екенін бірден байқатпау үшін алғашқы айларда коммуналдық төлемдерді төлеу сияқты тұрмыстық мәселелерді де алдын ала қарастырған.
Сотта көрсетілген видеода сотталушы «Мен маньяк емеспін бірден өлтіре салатын, бәрін ойластырдым» деп айтқан.
Қылмыстық іс
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпқа келіспеді. Сөзінше, мұндай әрекетке өзін қорғау үшін барған. Бұл жағдай абайсызда болғанын айтты. Кейіннен Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен бөлініп қалғаны белгілі болды.
Сондай-ақ қайын атасы Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет пышақтағанын, осылайша екеуін қасақана өлтіргенін мойындады.
Ал қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтаған.
