
Қазақстан үкіметі Қытайдың ірі корпорациясын Қашаған кен орнында салынатын екінші газ өңдеу зауыты жобасының EPC-мердігері деп бекітті. Көрші елдің консорциумы құрылысты жобалап, зауытты дайын күйінде тапсыруға тиіс.
Ірі жоба іске аса бастады
Энергетика министрлігінің мәліметінше, үкімет қаулысымен ірі жобаның EPC-мердігері ретінде China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd компанияларынан құралған консорциум таңдалды. Екеуі де China National Chemical Engineering Group (CNCEC) корпорациясының құрамына кіреді.
Қашаған кен орнында салынатын екінші зауыт жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейді деп жоспарланған. Оның өндіріс қуаты алғашқы зауыттан 2,5 есе жоғары. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов төрағалығымен өткен жиналыста жобаны іске асыру басталғаны хабарланды. Айта кетейік, қазір құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан бірінші зауыт жылына 1 млрд текше метр газ өңдейді.
Министрліктегі кеңеске QazaqGaz ұлттық компаниясы, PSA және NCOC компаниялары, өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ақкенженов газ өңдеу зауытын салу елдің энергетика саласын дамытуда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Министрдің мәлімдеуінше, жоба президент пен үкіметтің ерекше бақылауында тұр.
Қанша ақша жұмсалады?
Қашағандағы екі зауыт құрылысына шамамен 3-3,5 млрд доллар инвестиция құйылады деп бағаланды.
Біріншісінің құны – шамамен 1 млрд доллар. Жобаны QazaqGaz қолдауымен GPC Investment жүзеге асыруда. Қазақстан даму банкі (ҚДБ) 1,59 млрд юань көлемінде несие берген. Кейін осы жобаға катарлық ірі инвестор – UCC Holding тартылып, зауыттың 75% үлесін сатып алған. Нысан құрылысы 2026 жылғы желтоқсанда толық аяқталуы тиіс.
Ал екінші ірі жобаны QazaqGaz бен UCC Holding бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Оның қуаты алғашқысынан 2,5 есе көп болғандықтан, соншама көп қаражат жұмсалуы мүмкін. Екінші Қашаған газ өңдеу зауыты 2031 жылға қарай іске қосылады деп жоспарланған.