Экономика

Қазақ мұнайы Brent-тен қымбат сатылып тұр

Қазақ мұнайының CPC Blend маркасы 12 маусымда барреліне 102,11 доллар болды / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақ мұнайының CPC Blend маркасының бағасы 12 маусымда барреліне 102,11 долларға жетті. Бұл Brent мұнайының бағасынан жоғары. Қазір Brent 88,51 доллар шамасында саудаланып жатыр, Астана уақытымен 11:20 да бір күндегі өзгеріс 2,08%-ға төмендеді.

Әлемдік мұнай бағасының түсуіне АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісім туралы жаңалық әсер етті. Нарық мұны мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптің азаюы деп қабылдады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жалпы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеген. Оның сөзінше, құжат алдағы күндері қол қойылуы мүмкін. Осыдан кейін Ормұз бұғазы қайтадан кеме қатынасына ашылады деген болжам бар.

Алайда Иран тарапы бұл ақпаратты толық растаған жоқ. Тегеран ұсынылған құжат жобасын мақұлдамағанын мәлімдеді. Иран өкілдері АҚШ бұрынғы талаптарына қайта оралды деп отыр, бірақ ұсынысты қайта қарау мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Осы жаңалықтардан кейін америкалық WTI мұнайы 1,65%-ға арзандап, 86,26 долларға түсті. Ал Brent 1,55%-ға төмендеп, 88,98 долларға түскен еді.

Қазақстан үшін бұл жағдай маңызды. Себебі мұнай бағасы елдің экспорттық табысы, бюджет кірісі және теңге бағамына әсер етеді. CPC Blend бағасы әлі де 100 доллардан жоғары болғанымен, әлемдік нарықтағы жалпы көңіл күй мұнайдың арзандауына қарай ауып тұр.