Қоғам

«Қазақ-қырғыз – бір туған»: Тоқаев Жогорку Кенеш төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Қырғыз Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдады/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдады.

Ақорда хабарлауынша, бұл – Маматалиевтің Қазақстанға алғашқы ресми сапары.

«Елдеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөз бар. Бір кеңістікте бауырлас, тату болып, арамыздағы қарым-қатынасты нығайта береміз. Қырғыз Республикасының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Біз бұл оң үрдісті қолдаймыз.

Қырғыз Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Мұны Қырғызстан мен Орталық Азия елдері үшін тарихи оқиға деп айтуға болады», – деді президент.

Маматалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесу үшін алғыс айтып, президент Садыр Жапаровтың ыстық ықыласын жеткізген. Айтуынша, Қырғыз тарапы елдегі ауқымды конституциялық өзгерістерді қолдайды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа құттықтау жеделхатын жолдады.