Жаңалықтар

Қазақстанда доп тебетін футболшы Әлем чемпионатына шығады: 13 маусымдағы ойын кестесі

чемпионат мира, футбол, США, Канада, Босния и Герцеговина, Парагвай
Фото: FIFA

11 маусым күні футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты басталды. Канадалықтар тұңғыш рет әлем чемпионатын өз жерінде қабылдағалы отыр. Осыған дейін 1986 және 2022 жылдары Мундиальға қатысқан Канада әлі бірде-бір ұпай еншілемеген. Джесси Марш шәкірттері алғашқы ойында Босния және Герцоговина құрамасымен кездеседі. Канадалықтардың көшбасшысы Альфонсо Дэвис жарақатына байланысты алғашқы ойынға қатыса алмайды. Енді бар жауапкершілік шабуылшы Джонатан Дэвидке жүктелмек.

Бұл ойын қазақстандық жанкүйерлер үшін қызықты болмақ. Себебі Босния құрамында елордалық «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич өнер көрсетеді. Ол Қазақстан Премьер-лигасы тарихында әлем чемпионатында бақ сынайтын алғашқы футболшы атанбақ. Босниялықтардың сапында сондай-ақ олардың басты жұлдызы 40 жастағы капитан Эдин Джеко алаңға шығады.

Канада мен Босния Герцоговина арасындағы ойын 12 маусымнан 13 маусымға қараған түні сағат 00:00-де өтеді. Ойынды Qazsport және Qazaqstan арналары тікелей эфирде көрсетеді.

АҚШ – Парагвай

АҚШ құрамасы бұл турнирге үлкен үмітпен қадам басып отыр. Тәжірибелі бапкер Маурисио Почеттино плей-офф кезеңіне өтіп, барынша алысқа жетіуді көздейтіні анық.

Бірақ Парагвай оңайлықпен беріспейді. Густаво Альфароның командасы іріктеу кезеңінде Аргентинаны (2:1) және Бразилияны (1:0) тізе бүктіріп, қорғанысы темірдей берік екенін дәлелдеген. Өзара кездесулер тарихында АҚШ сәл алда (5 жеңіс, 2 тең ойын, 2 жеңіліс). Бұл екі ұжым алғаш рет сонау 1930 жылғы тұңғыш әлем чемпионатында кездесіп, ол кезде америкалықтар 3:0 есебімен басым түскен еді.

Еске сала кетейік, А тобындағы алғашқы кездесулерде турнир қожайыны Мексика Оңтүстік Африканы ұтса, Оңтүстік Корея Чехиядан басым түсті.