
Соңғы күндері әлеуметтік желіде қолына 4 айлық сәбиін ұстап, арқасына курьерлік сөмке асып жүрген жас ананың фотосы тарады. Көпшілікті бейжай қалдырмаған бұл сурет қоғамда үлкен резонанс тудырып, «Курьер ана» деген атпен танылды. Тредс әлеуметтік желісінде Алмат Несіпқалиев есімді қолданушы жас ананың үйіне барып, отбасының аянышты тағдыры мен бүгінгі шынайы тұрмыс-тіршілігін баяндап берді.
Алматтың айтуынша, көпшіліктің жүрегін ауыртқан кейіпкер небәрі 20 жастағы жас ана. Оның арқалап жүрген сәбиі 4 айлық қыз бала. Отбасы қазіргі уақытта 1 бөлмелі жер үйде жалдамалы пәтерде тұрады.
Ананың мұндай ауыр жұмысқа шығуына отбасындағы тығырыққа тірелген қаржылық қиындықтар себеп болған. Жас отбасы бұған дейін алаяқтардың құрбаны болып, пәтерге байланысты үлкен қарызға батқан. Ай сайынғы несие міндеттемелері мен ломбардқа қойылған заттары үшін өсімпұл жүріп жатыр. Мемлекет тарапынан берілетін 24 915 теңге көлеміндегі жәрдемақы күнделікті тұрмыс тауқыметін өтеуге мүлдем жеткіліксіз.
Күйеуінің жағдайы
Бастапқыда отбасын асырап жүрген отағасы жалға алынған көлікпен такси қызметінде еңбек еткен. Оның үйге тек 2-3 сағат қана демалуға келетін ауыр жұмыс кестесі болған. Алайда, жолдасының денсаулығы күрт нашарлап, 2-3 күн бойы төсек тартып жатып қалған. Оған шұғыл ота жасату қажет болғанымен, қаражаттың жоқтығынан кейінге қалдырылған. Жолдасы пәтерақыны төлеу қажет болғандықтан, ауырсынуды басатын дәрі ішіп, амалсыз жұмысқа шығуға мәжбүр болған. Осыдан кейін жас ана да тығырықтан шығар жол іздеп, сәбиін құшақтап курьер болып жұмыс істеуге шықты.
Жұмысқа шыққан күні 7 тапсырыс орындап, бір тапсырыстан небәрі 500-600 теңге аралығында ғана табыс тапқан. Сол күні дәл пәтерақыны төлейтін соңғы мерзім болғандықтан, жас ана баласының өмірін қатерге тігіп, көшеге шығуға мәжбүр болған.
«Ұят болады»
Алмат Несіпқалиев алғашында көмек көрсету ниетін білдіргенде, жас ана «Ұят болады, қажет емес» деп қарсылық танытқан. Тек ешкімнен қол жайып сұрамағанын, бұл халықтың өзінен шыққан шынайы ниет пен қолдау екенін түсіндіргеннен кейін ғана келісімін берген.
Айта кетейік, бұған дейін желіде авторды «алаяқтықпен байланыстырып», негізсіз айыптаған пікірлер де кездескен. Осыған байланысты Алмат Несіпқалиев бұл жағдай бойынша ешқандай ресми қаржы жинау жүргізілмегенін мәлімдеді. Оның бастапқы мақсаты үнсіз түрде көмек көрсету және халықты алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудан ескерту болған.