
Алматы қаласы Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірімнің қаза болуына байланысты қылмыстық істі тергеп-тексеру үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қалалық Полиция департаменті қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Кісі өліміне әкеп соққан бұл оқиға қоғам арасында үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Төбелеске не себеп болды?
Полиция таратқан алдын ала мәліметтерге сүйенсек, жасөспірімнің өліміне өзара келіспеушілік салдарынан туындаған жанжал себеп болған. Қолда бар бейнежазбалар мен ұялы телефондардағы хат алмасу деректеріне қарағанда, қаза тапқан бала екі арадағы түсініспеушілікті анықтау мақсатында күдіктінің тұрғылықты мекенжайына өзі барған.
Арадағы сөзге келіспеушілік соңы төбелеске ұласып, салдарынан 12 жастағы жасөспірімге пышақ жарақаты салынған. Алған жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмды.
Күдікті ұсталып, уақытша оқшауланды
Тергеудің осы кезеңінде аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен кәмелетке толмаған азамат анықталды.
«Күдікті заң талаптарына сәйкес ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта іске қатысты барлық уәждер мен болжамдар мұқият тексерілуде», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Оқиғаның толық мән-жайын объективті тұрғыда анықтау үшін тәртіп сақшылары айғақтарды жинауға көшкен. Оқиға орны мен оған іргелес аумақтардағы бейнебақылау камераларының жазбалары, сондай-ақ іске қатысы бар өзге де цифрлық деректер зерттеліп, қылмыстық іс материалдарына ресми түрде тіркелді.
Айта кетейік, ғұмыры бар болғаны 12 жасында үзілген Абылайды туыстары мен жақындары 12 маусым, жұма күні жер қойнауына тапсырды.