
«Ақ жол» демократиялық партиясын 15 жыл бойы басқарған Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтататынын жариялады.
Бұл туралы ол сенбі, 13 маусым күні өткен партия съезінде мәлімдеді. Өз мәлімдемесінен кейін Перуашев съезд делегаттарына партияның жаңа төрағасы лауазымына Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
Жаңару қажет
Перуашевтің айтуынша, бұл шешім саяси ұйымдар басшылығының кезең-кезеңімен жаңырып тұруы қажеттілігінен туындаған.
«Біз тек өзгерістер қарсаңында тұрған жоқпыз, біз бүгінгі шындықты өзгертіп жатқан оқиғалар ағымының ортасындамыз. Бірақ монополия бұған кедергі келтіруі мүмкін. Ал монополияға қарсы ең жақсы ем – басшылықтың мерзімді ауысып тұруы.
Сондықтан, өзім де бір орында тұрып қалмай, жаңа идеялар мен серпіндерді тежемес үшін партия төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешімді қолдауды және дауламауды сұраймын. Әр күн санаулы болып тұрған шақта белгісіздік тудырмас үшін, бірден съезд қарауына жаңа төрағаның кандидатурасын ұсынамын», – деді Перуашев.
Партия тарихындағы жаңа кезең
Дания Еспаева қазіргі уақытта Қазақстан Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Айта кетейік, 2019 жылы ол Қазақстан тарихында президенттікке кандидат ретінде ұсынылған тұңғыш әйел атанған болатын. Егер съезд оның кандидатурасын қолдаса, Еспаева «Ақ жол» партиясын басқарған алғашқы әйел атанбақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанның «штрафстанға» айналғаны туралы айтқан сөзін кейін қайтарып алған еді.