
Астанада «Әділет» партиясының II съезі өз жұмысын бастады. Съезге партия делегаттары, сондай-ақ қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысуда. Қатысушылар қатарында құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кәсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар және мұнай сервистік салаларындағы ірі салалық қауымдастықтардың, кәсіби қауымдастықтар мен сараптамалық ұйымдардың жетекшілері бар.
Бұған дейін бұл ұйымдар «Әділет» партиясын қолдайтынын білдірген. Олардың өкілдері партия құрамына еніп, оның ұйымдық құрылымын қалыптастыруға және бағдарламалық міндеттерді іске асыруға қатысып келеді.
Съезд қатысушыларының қатарында Қазақстанның Жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы PARYZ, Қазақстанның Азаматтық альянсы, Қазақстанның Мұнай сервистік компаниялар одағы, Қазақстан инвесторлар қауымдастығы, Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығы, Қазақстан автокөлік одағы және басқа да ұйымдар бар.
Съезд жұмысына «AMANAT» партиясының өкілдері де қатысуда. Олардың «Әділет» партиясына қосылу мәселесі делегаттардың қарауына шығарылған.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай AMANAT туралы пікір білдіре отырып, екі партияны қарсы қоюдың жөнсіз екенін атап өтті.
« Біз AMANAT партиясындағы әріптестерімізге және оның барлық мүшелеріне үлкен құрметпен қараймыз. Олар ұзақ жылдар бойы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатыстып, өңңрлерде жұмыс істеп, мол саяси-ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибе енді ортақ мақсаттарға қызмет ететін қуатты әлеуетке айналады деп кәміл сенеміз. Бізді мықты мемлекеттік институттар құру, тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыру, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және заманауи саяси мәдениетті орнықтыру сияқты ортақ құндылықтар мен мақсаттар біріктіреді. Әділет партиясына Аманаттың қосылуы тар партиялық жоғары мүддеден тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл жерде AMANAT партиясы туралы бөлек бір нәрсе айту артық болар еді. Өз қызметінде бұл партия халықтың мұқтажы мен сұранысын билікке жеткізу үшін бар күшін салды. Сондықтан егер мен қазір AMANAT не дұрыс істеді, не бұрыс істеді, ал біздің айырмашылығымыз мында деп айтсам, бұл сәл орынсыз болар еді», – деді Дәдебаев.
Сонымен қатар II съездің күн тәртібіне партияны одан әрі дамыту, өңірлік филиалдар құру және ұйымдық құрылымды нығайту мәселелері енгізілді.
Пленарлық отырыс басталар алдында стратегиялық сессия өтті. Делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын және елдің қоғамдық-саяси дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
«Әділет» партиясы әртүрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері бастамасымен құрылған. Оның қалыптасуы Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституциядан кейін жүзеге асты.
Жаңа саяси партияның құрылтай съезі 2026 жылғы 7 мамырда Астанада өтіп, партияның ресми қызметінің басталуын айқындады. 2026 жылғы 1 маусымда партия Әділет министрлігінде тіркеуден өтті.