
Қазақстан–Ресей шекарасындағы «Қосақ» өткізу бекетінде жүк көліктерінің кептелісі көбейді. Бұл туралы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті хабарлады.
«Жағдай жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдаудың маусымдық артуына байланысты. Күту уақытын барынша азайту үшін өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр, қажетті шаралар қабылдануда, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен тығыз іс-қимыл ұйымдастырылды», – делінген хабарламада.
ҰҚК Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу бекеттері жұмыс істейтінін, ал Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» бекеттері барын еске салды.
Сонымен қатар электронды кезек жүйесі іске қосылған, ол арқылы белгілі бір күнге бос орындардың бар-жоғын алдын ала анықтап, шекарадан өту уақытын жоспарлауға болады. Бұл өткізу бекетіне түсетін жүктемені жеңілдетіп, тасымалдаушылар үшін жағдайды алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Мәселен, «Қосақ» бекетінің тәуліктік орташа өткізу мүмкіндігі шығу бағытында шамамен 200–220 жүк көлігіне тең.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе облысындағы Сагарчин өткізу бекетінде көліктерден бірнеше шақырымға созылған кезек қалыптасқан болатын.