
2026 жылдың 1 шілдесінен сенімсіз құрылыс компанияларының ресми «қара тізімі» пайда болады. Енді пәтер сатып аларда алданып қалмас үшін әрбір азамат заң бұзған компанияны арнайы реестрден ашық тексере алады. Бұл тізімге ілінген компанияларға 3 жыл бойы халықтан ақша жинауға ресми түрде тыйым салынады.
Жаңа ереже көпқабатты немесе жеке үй кешенін салумен айналысатын барлық құрылыс салушыларға қатысты. Бұл тізімді жергілікті әкімдіктер құрылыс нысандарының орналасқан жері бойынша, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бірыңғай цифрлық жүйесінде электронды түрде жүргізеді.
Әкімдіктер тиісті ресми құжаттар мен мәлімет келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен шынайылығын тексереді және негіздер анықталған жағдайда құрылыс салушыны тізімге енгізеді.
Қандай талап бұзылса «қара тізімге» кіреді?
Компанияны бұл реестрге қосуға екі жағдай ғана негіз болады: біріншісі – заңсыз салынған үйді бұзу туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі, екіншісі – Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық бойынша сот үкімінің заңды күшіне енуі.
Әкімдік құрылыс салушыны тізімге қосқан күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде бұл туралы оған электронды түрде немесе алғанын растайтын өзге тәсілмен ресми хабарлама жібереді.
Қарапайым азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері де әкімдік тарапынан қаралып, құзырлы органдардан растаушы құжаттарды сұратуға және тексеру жүргізуге негіз бола алады.
Бұл реестр Бірыңғай оператордың интернет-ресурсында жарияланады және жұртшылық үшін ашық болады.
Онда компанияның толық атауы, БИН нөмірі, заңды мекенжайы, құрылтайшылары мен басшылары туралы мәліметтер, құрылыс нысаны туралы ақпарат, тізімге енгізудің негізі, күні және онда болу мерзімі көрсетіледі.
Сонымен қатар, қабылданған шаралар мен тізімнен шығарылған күні туралы мәліметтер де қамтылады. Алайда, заңнамаға сәйкес жеке тұлғалардың дербес деректері, коммерциялық, қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпараттар ашық қолжетімділікке қойылмайды.
Тізімнен қалай шығады
Құрылыс салушыны бұл тізімнен шығаруға нақты үш негізі бар. Олар: белгіленген 3 жылдық мерзімнің аяқталуы, тізімге қосуға себеп болған сот шешімінің күшін жоятын жаңа сот актісінің шығуы немесе әкімдіктің шешімі мен әрекетіне қарсы шағым бойынша соттың оң шешім қабылдауы.
Егер сот бұрынғы шешімнің күшін жойса, құрылыс компаниясы әкімдікке еркін үлгіде өтініш пен растаушы құжаттарды өткізеді. Әкімдік сот актісін алғаннан кейін немесе құрылыс салушының өтініші мен тиісті жағдайлар негізінде 3 жұмыс күні ішінде компанияны реестрден шығаруға тиіс.
Реестрді жаңарту және оған өзгерістер енгізу барысы жүйенің оқиғалар журналында тіркеліп отырады.
Егер құрылыс салушы әкімдіктің тізімге қосу, мәліметтерді өзгертпеу немесе тізімнен шығармай қою шешімдерімен келіспесе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабына сай жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе тиісті лауазымды тұлғаға шағымдана алады.
Мұндай жағдайда шағымның берілуі әкімдіктің құрылыс салушыны реестрге енгізу туралы шешімінің күшін тоқтата алмайды.
Бұған дейін BI Group басшысы Айдын Рахимбаев жылжымайтын мүлік нарығында сатылым төмендегенін мәлімдеген.