
Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адам қайтыс болған іске қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 15 маусымда адвокат Гүлмира Бабажанова жәбірленуші сотталушы Александр Пакқа не себепті кешірім бергенін түсіндірді.
Айтуынша, Пак өз еркімен марқұмның отбасына көмек берген.
«Сотталушыға кешірім беріп отыр. Анасының егде жаста екенін, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескеріп, екі жақ осындай келісімге келді. Өз еркімен көмек жасады, кешірім сұрады. (Марқұмның) туыстары жиналып, қазақылыққа салды.
Пак жазасын алады, жауапкершіліктен кетпейді. Бас бостандығынан айырылады. Кешірім жазаны жеңілдетеді. Оны сот шешеді», – дейді Гүлмира Бабажанова.
Әл-Фарабидегі апат
2026 жылдың 21 наурызына қараған түні әл-Фараби даңғылында апат болып, үш адам қаза тапты.
Сот барысында айыпталушы Александр Пак кінәсін мойындап, марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады. Ал жәбірленуші тарап Александр Пакқа кешірім беріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Бұған дейін істегі адвокат Мейірман Шекеев пен Олег және Анна Черновтардың істен шыққаны туралы айтылды. Черновтардың орнына іске адвокат Гүлмира Бабажанова қосылды.